Келіссөздер өнеркәсіп және сауда министрі Рияд Меззурмен, инвестиция мәселелері жөніндегі министр-делегат Карим Зиданмен және ауыл шаруашылығы министрлігінің бас хатшысы Редуан Аррачпен өткізілді.
Тараптар екіжақты қатынастар жаңа деңгейге шығып жатқанын атап өтті. Саудадағы оң динамика биыл да сақталуда. Сонымен бірге ынтымақтастық әлеуеті қазіргі көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары, сондықтан өзара сауданы әртараптандыру бойынша жұмыс істеуге келісті.
Өнеркәсіп және цифрландыру
Өнеркәсіптік кооперацияға ерекше назар аударды. Қазақстан делегациясы биыл Мароккоға автомобиль жасау тәжірибесін зерттеу үшін барған. Сондай-ақ цифрлық экономика және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Ауыл шаруашылығы және инвестициялар
Аграрлық саладағы ынтымақтастық жағдайын қарастырды. Екі елдің экономикасы өзара толықтырушы сипатқа ие, сондықтан осы саладағы шарттық-құқықтық базаны дамыту ниетін растады.
Өзара инвестициялар үшін жаңа тетіктер құруға, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мәселесін пысықтауға қызығушылық білдірді.
Визадан босату режимі
Өткен жылы енгізілген визадан босату режимінің өзара сапарлардың өсуіне оң әсерін атап өтті. Туризм мен іскерлік байланыстардың одан әрі дамуына тікелей әуе қатынасы және бірлескен туристік жобалар ықпал етеді.
Кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Марокко ынтымақтастықты тереңдетуге және екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнесі арасындағы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.